27-30 қаңтар аралығында Астанада «Орталық Азиядағы әйелдердің ядролық энергия желісі» (WINCA) көшбасшыларының жұмыс кездесуі өтті. Жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстаннан келген сарапшылар қатысты. Отырыс барысында желі үйлестірушілерінің есептері тыңдалып, аралық қорытындылар шығарылып, одан әрі дамыту мақсаттары айқындалды.

Іс-шараға АҚШ Энергетика министрлігінің Ұлттық ядролық қауіпсіздік басқармасы (Халықаралық ядролық қауіпсіздік кеңсесі/Ядролық қауіпсіздік бағдарламасындағы әйелдер) және Лос-Аламос ұлттық зертханасы, сондай-ақ Джеймс Мартин ядролық қаруды таратпауды зерттеу орталығы (CNS) қолдау көрсетті.

Қатысушыларға 29 қаңтарда Ядролық физика институтының Астана филиалы бойынша техникалық экскурсия ұйымдастырылды, онда оларға DC-60 ауыр ионды үдеткіш кешені, жолдық мембраналар технологиясы зертханасы, қатты дене физикасы зертханасы және ядролық физика зертханасы көрсетілді.